2024 жылы Алматыда 345 инфрақұрылымдық жоба іске асырылады
Алматыда жақында іске асыруға тиісті инвестициялық жобалар пулы бар. Бұл туралы Мемлекет басшысы алдында баяндама жасаған әкім Ерболат Досаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, ТКШ саласында 370 км сумен жабдықтау және 509 км – су бұру, 74,4 км – жылумен жабдықтау, 89 км – электрмен жабдықтау, 44 км қала сыртындағы коллекторлар мен 23 қазандықты қайта жаңарту көзделіп отыр.
Жол-көлік инфрақұрылымы бойынша 7 көшеге: Мұқанов, Тілендиев, Райымбек, Абай 1 уч., Хмельницкий, Солтүстік айналма және Оңғарсынова көшелерін ұзарту жүргізіледі, «Рахат-Мәдениет», «Боралдай», «Теректі», «Жас Қанат» сынды 4 шағын ауданда 2 автопарк пен 82,4 км жаңа жол салу жоспарланған.
Денсаулық сақтау саласында 2 көпбейінді аурухана, 8 емхана, 4 МСАК орталығы (Медициналық-санитарлық алғашқы көмек), 2 перзентхана салынып, 6 нысан қайта жаңартылады. Білім беру инфрақұрылымы бойынша 5 жаңа мектеп пен 7 балабақша салу, 14 мектеп пен 15 балабақша ғимаратын сейсмикалық күшейту жоспарланған.
Сонымен қатар, қоғамдық кеңістікті абаттандыру үшін 8 өзен арнасы, 8 саябақ аймағы және 24 субұрқақ кешені жаңғыртылады.
Индустриялық аймақты дамытудың ІІ кезеңі аясында оны 194 гектарға кеңейту үшін инженерлік инфрақұрылым салынады.
Дереккөз: Алматы қаласының әкімдігі