Қазақстан мен Үндістан: фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты дамыту
Алматыда Kazakhstan–India Pharma Business Meeting бизнес кездесуі өтті. Іс-шара Қазақстан мен Үндістандағы фармацевтикалық компаниялар арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында өткізілді.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров құттықтау сөзін сөйлеп, жетекші үнді компанияларының қатысуы Қазақстан мен Үндістан арасындағы көпжақты экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысты көрсететінін атап өтті.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда 12 мыңнан астам үндістандық студент білім алуда, олардың көпшілігі медициналық университеттерде оқиды. Бұл қазақстандық білім беру жүйесіне деген сенімнің жоғары деңгейін көрсетеді және денсаулық сақтау мен медициналық зерттеулер саласындағы болашақ байланыстар үшін берік негіз қалайды. Мұның айқын мысалы – жақында үнділік MSN Group-тың Алматы облысында толық циклді фармацевтикалық зауыт салу бойынша инвестициялық жобасы», – деді Әлібек Қуантыров.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды өз сөзінде Үндістанмен ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті: 2025 жылы Алматы мен Үндістан арасындағы сауда айналымы 337 миллион АҚШ долларын құрады. Фармацевтика өнеркәсібі басымдыққа ие болып қала береді: заманауи кластерлер қалыптасып, ғылыми орталықтар ашылып, дәрі-дәрмек өндірісі жобалары іске қосылуда.
Үндістан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангал Янгденглунгту Кахум бизнес-форумның маңыздылығын және екі мемлекет арасындағы ұзақ мерзімді экономикалық қарым-қатынастарды дамыту мүмкіндіктерін атап өтті.
Форум аясында Қазақстанның инвестициялық және фармацевтикалық әлеуеті туралы презентациялар өтті, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ жоба менеджері Әлия Әбділдина компанияның қызметі, екіжақты ынтымақтастық салалары және инвесторларды қорғау шаралары туралы айтып берді. Сондай-ақ, ол үндістандық бизнес өкілдерін фармацевтика мен медициналық жабдықтардың жергілікті өндірісін дамыту үшін елге шақырды.
Үндістан делегациясының құрамына аймақтағы жетекші фармацевтикалық компаниялар мен салалық ұйымдардың өкілдері, соның ішінде «Acies Pharmaceutical Pvt. Ltd.», «Abaris Healthcare Pvt. Ltd.», «Akriti Pharmaceuticals Pvt Ltd.», «AMTEC Health Care Pvt Ltd.» және тағы басқалары кірді.