Sturgeon Capital конференциясында Қазақстанның инвестициялық перспективалары талқыланды

Алматыда халықаралық Sturgeon Capital Ltd компаниясының ұйымдастыруымен конференция өтті. Бұл іс-шара бизнес өкілдері, инвестициялық қауымдастық және мемлекеттік құрылымдар арасында сындарлы диалог пен тәжірибе алмасуға арналған маңызды платформаға айналды. «Қазақстанның инвестициялық климаты» панельдік сессиясында елдің бәсекелестік артықшылықтары, инвестициялық саясаты және алдағы жылдарға арналған экономикалық басымдықтар сияқты негізгі мәселелер талқыланды.
Іс-шараның негізгі спикерлері қатарында Chevron Direct Investment Fund бас директоры Дэймон Торнбург, «НК «KAZAKH INVEST» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Азамат Қожанов, «НУХ «Байтерек» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов, Mastercard компаниясының Қазақстандағы менеджері Санжар Жамалов және KPMG серіктесі Диас Кәлажанов болды.
Пікірталас барысында сарапшылар Қазақстандағы жеке инвестициялар нарығының қазіргі жағдайын, капитал салуға әлеуетті салаларды, сондай-ақ инвесторларға кедергі бола алатын негізгі сын-қатерлерді талқылады.
Азамат Қожанов халықаралық инвестициялардың Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуындағы маңызды рөлін атап өтті. Ол жеке капитал мен стратегиялық серіктестерді тартудың елдің аймақтағы қарқынды дамып келе жатқан инвестициялық хаб ретіндегі позициясын нығайтудағы шешуші мәнін ерекше айқындады.
«Жеке капиталды дамыту және халықаралық инвесторларды тарту – Қазақстанның стратегиялық басымды мақсаттарының бірі. KAZAKH INVEST үш жылдан астам уақыт бойы Sturgeon Capital компаниясымен тығыз ынтымақтастық орнатып, түрлі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып келеді. Оның ішінде Chevron тікелей инвестициялар қорының қатысуымен жұмыс ұстейтін жобалар да бар. Маңызды ынтымақтастық үлгілерінің бірі – ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылған түрік инвесторымен бірлескен жоба. Нәтижесінде инвестор Қазақстан Үкіметімен келісімге қол қойды. Осы жұмыстың аясында Chevron қоры жобаның бірлескен инвесторы ретінде шамамен 40 млн АҚШ долларын инвестициялады. Бұл Қазақстанның тікелей жеке инвестициялар нарығының тартымдылығын және жаңа келісімдер үшін жоғары әлеуетін дәлелдейді», – деп атап өтті Азамат Қожанов.
KAZAKH INVEST халықаралық инвесторлардың Қазақстандағы қатысуын кеңейтуге және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу мақсатында Sturgeon Capital және басқа да инвестициялық серіктестермен белсенді ынтымақтастығын жалғастыруда.
Анықтама үшін:
Sturgeon Capital Ltd. – штаб-пәтері Ұлыбританияда орналасқан инвестицияларды басқару компаниясы. 2006 жылдан бастап инвестициялық қорларды басқарып, инвестициялық стратегиялар мен консалтингтік қызметтерін ұсынады.