Алматыда швейцариялық инновациялық дәрі-дәрмектер өндірісінің ашылу салтанаты өтті
2024 жылғы 24 қазанда Алматы қаласында швейцариялық фармацевтикалық алып «F. Hoffmann-La Roche Ltd.» (Roche) компаниясы мен «Нобел Алматиндік фармацевтикалық фабрикасы» АҚ (Нобел АФФ) арасында бірлескен инновациялық дәрі-дәрмек өндірісінің ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Орталық және Шығыс Еуропа, Түркия, Ресей және ТМД елдері аймағы бойынша Roche компаниясының фармацевтика бағытының басшысы Франсуа ду Туа, Нобел АФФ атқарушы директоры Светлана Киль және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Task Force департаментінің жобалар жетекшісі Динара Исабекова қатысты.
Дәрі-дәрмек өндірісін жергіліктендіру инвестициялық жобасы Roche, «СК-Фармация» ЖШС, Нобел АФФ және Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты (ҚазҒЗИ) арасындағы келісім негізінде KAZAKH INVEST қолдауымен жүзеге асырылды. Осы келісім аясында Roche компаниясы Қазақстандағы сүт безінің HER2-позитивті қатерлі ісігіне қарсы үш биотехнологиялық препараттың жергілікті өндірісін жолға қоюға міндеттенді. Аталмыш ауру түрі сүт безі қатерлі ісігімен ауыратын науқастардың 20%-на дейін әсер етеді.
«Roche секілді әлемдік көшбасшының онкологиялық препараттарды жергілікті өндірісі – біздің еліміз үшін үлкен қадам. Бұл жоба пациенттерге емнің озық әдістеріне қол жеткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, Қазақстанның денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға да елеулі үлес қосады. Мұндай батыл әрі көреген бастамалар біздің азаматтарымыздың өз елінде үздік ем алуын қамтамасыз ететіні сөзсіз», – деді А. Әлназарова.
Озық технологиялар мен өндірістік мүмкіндіктерді жергілікті серіктестерге беру Roche компаниясына Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің шығындарын азайтып қана қоймай, пациенттердің қажетті дәрі-дәрмектерге қол жеткізуін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Жыл сайын 5 000-ға жуық жаңа сүт безі қатерлі ісігі жағдайы тіркеледі, оның шамамен 1 200-і өліммен аяқталады. Осы бастама нәтижесінде 2026 жылға қарай терапия алатын пациенттер саны 1 335-ке дейін артады деп күтілуде.
«Roche компаниясының түпнұсқа ісікке қарсы препараттарын біздің елімізде келісімшарттық негізде шығару – Қазақстан Республикасының фармацевтикалық нарығына халықаралық фармацевтикалық алыптарды тартуға бағытталған көпжылдық және мақсатты жұмыстың нәтижесі. Біз бұл жолды бастаған кезде осындай ауқымды жобаларды жергілікті деңгейде іске асыру амбициялық әрі алыс мақсат болып көрінген еді. Алайда Үкіметтің үйлестірілген күш-жігерінің және KAZAKH INVEST командасының белсенді жұмысының арқасында бүгін біз елеулі жетістіктерге қол жеткізгенімізді мақтанышпен айта аламыз. Roche компаниясының шешімі – Қазақстанда BigPharma секілді әлемдік фармацевтикалық компаниялардың өндірісін жергіліктендіру жолындағы алғашқы қадамдардың бірі», – деп атап өтті Д. Исабекова.
Жоба HER2-позитивті сүт безі қатерлі ісігі бар барлық пациенттерді инновациялық емдеу әдістерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ отандық өндірілген дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың үлесін 50%-ға дейін арттыруға бағытталған стратегиялық бастамалар аясында іске асырылуда. Онкологиялық маңызды препараттарды жергіліктендіру бұл мақсаттарға жету және денсаулық сақтау саласында елдің егемендігін нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады.