Алматыда Қазақстандағы алғашқы қалдықтардан энергия өндіретін зауыт салынады

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ержан Елекеев Қытайдың Shanghai SUS Environment Co., Ltd. компаниясының президенті Лун Цзишэнмен кездесу өткізді. Кездесу аясында қалдықтардан энергия өндіру зауытын салу бойынша перспективалы инвестициялық жоба талқыланды.
Shanghai SUS Environment – экология және энергетика саласында шешімдер ұсынатын әлемдік жетекші компания. «Waste-to-Energy» (WtE) бағыты бойынша Қытай нарығында бірінші орында. SUS Environment активтері 5,2 млрд АҚШ долларынан асады, 10 елде жұмыс істейді, 3,5 мыңнан астам қызметкері бар. Компания 84 жобаны іске асырып, күніне 110 мың тонна қалдықты қайта өңдеп, жылына 18 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндіреді.
Кездесу барысында Алматы қаласында қоқыс өңдеу зауытын салу жөніндегі жоба қарастырылды. Инвестиция көлемі – 270 млн АҚШ доллары, өңдеу қуаттылығы – тәулігіне шамамен 2 000 тонна қалдық, ал генерацияланатын энергия көлемі – 60 МВт дейін, бұл қаланың тұтыну қажеттілігінің елеулі бөлігін жабуға мүмкіндік береді. Жоба аясында жүздеген жаңа жұмыс орындары, заманауи технологиялар тарту, білім беру және қазақстандық кадрларды даярлау көзделіп отыр.
Энергия қатты тұрмыстық қалдықтарды өртеу арқылы өндіріледі. Ол үшін SUS Environment-тің патенттелген, жоғары тиімді, еуропалық экологиялық стандарттарға сай келетін технологиялары қолданылады. Мұндай нысандарда энергияны өндіру тиімділігі 26%, бұл саладағы орташа көрсеткіштен жоғары.
Компания техникалық-экономикалық негіздемені және архитектуралық тұжырымдамаларды (француздық AIA Life Designers және қытайлық Wintop Design компанияларымен бірлесіп) дайындап, таныстырды. SUS Environment жобаны жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Үкіметімен инвестициялық келісімге қол қоюды жоспарлап отыр.
Ержан Елекеев бұл жобаның Қазақстанның тұрақты даму мен «жасыл» экономикаға көшу басымдықтарына толық сәйкес келетінін атап өтті. Ол Алматыдағы халық саны мен қалалық инфрақұрылымның өсіп келе жатқан жағдайында қалдықтарды басқаруда заманауи шешімдерді енгізу маңызды екенін айтты:
«Бұл жоба — экологиялық тұрғыдан Алматы үшін ең маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Тиімді технологияларды таңдау мен біліктілік талаптарын нақты белгілеу – осындай жобаларды іске асыруда басты шарт. SUS компаниясының Waste-to-Energy саласындағы бай тәжірибесі бұл бағытты Қазақстанда дамытудың қозғаушы күші бола алады. Бұл — экология мен энергиямен қамтуды бір мезгілде шешетін инвестиция үлгісі. Біз бұл жобаның ел аумағында осындай шешімдерді масштабтауға негіз болатынына сенімдіміз», — деді ол.
Shanghai SUS Environment президенті Лун Цзишэн қазақстандық тараптың қолдауына ризашылық білдіріп, компанияның Қазақстанды Waste-to-Energy және экологиялық энергетиканы дамытудағы болашағы зор серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.