Биыл өңдеу өнеркәсібінде 1,3 трлн теңгеге 180 инвестициялық жоба іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков өңдеу өнеркәсібі саласында іске асып жатқан инвестициялық жобалар туралы айтып берді.
«Инвестициялық ахуалды жақсартып, нәтижелі жұмыс үшін өнеркәсіптік жобаларды іске асыру керек. Биыл өңдеу өнеркәсібі саласында шамамен 1,3 трлн теңге сомаға 180 инвестициялық жобаны іске қосып, 14,9 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланды. Жыл басынан бері 283,1 млрд теңге қаржыға 56 жоба іске асырылып, 3,8 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды. Қалған жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, жыл соңына дейін іске қосуды көздеп отырмыз», - деді Олжас Сапарбеков ОКҚ-де өткен брифингіде.
Сонымен қатар, вице-министр орта мерзімді перспективада қолға алынатын бірқатар жаңа жобаға тоқталды.
«Тамақ өнеркәсібіне арналған қаптамаларды, атап айтқанда Tetra Pak (60 мың тонна) қаптамасын және алкогольсіз сусындарға арналған алюминий құтыларды (1 147 млн дана) шығаруды қолға алу жоспарда бар», - дейді министрдің орынбасары.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл сегіз айда елімізде жүк вагондарын шығару алты есе ұлғайған.
Биыл қазақстандық өңдеу өнеркәсібі экспорты сегіз айда 17,8 млрд долларға жетті.
Айта кетсек, елімізде тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі жасалады. Заң жобасы Мәжілістің қарауында.
Дереккөз: kaz.inform.kz